Облысымыздағы болашақ ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын іргелі оқу орындарының бірі — Қазалы аграрлы-техникалық колледжі.
1954 жылы ақпан айында КПСС Орталық Комитетінің Ақпан Пленумында еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру туралы Қаулысы шықты. Осыған байланысты дархан қазақ даласынан 25 млн га жер игеріліп, мыңдаған совхоздар ашылуы керек еді. Осы совхоздарға мыңдаған маман механизаторлар мен басқа да мамандарға қажеттілік туды. Сондықтан да Қазақстанның жер-жерлерінде ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын кіші оқу-орындары – ауылшаруашылық училищелері ашыла бастады. Сондай училищелердің бірі — №34 Қазалы қаласындағы ауылшаруашылығын механизациялау училищесі (УМСХ №34) 1954 жылы сәуір айында ашылды.
Алғашында оқу орны 1961-1973 жылдары №34 ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі, 1973-1981 жылдары №34 ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесі, 1981-1990 жылдары №8 селолық орта кәсіптік-техникалық училище, 1990-2002 жылдары №8 кәсіптік-техникалық училище, 2002-2008 жылдары №8 кәсіптік мектеп, 2009-2012 жылдары №8 кәсіптік лицей атанған. 2013 жылдан Қазалы аграрлы-техникалық колледжі болып қайта құрылды. Осы уақыттардың ішінде іргелі оқу орны ауылшаруашылығына қажетті тракторшы, комбайншы, К-700 жүргізуш-механизаторлары, құрылысшылар, мал мамандары, фермерлер, газэлектрдәнекерлеуші секілді мамандарды дайындады. Түлектеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірлерінің халық шаруашылығында үлгілі еңбек етіп, оқу орнының абыройын асқақтатты. Ауданымыздың Социалистік Еңбек Ерлері Әбуша Дінісламов пен Кәрібоз Әлимаев және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының “Қазақстан ардагерлерi” қауымдастығының төрағасы, жазушы Бақытбек Смағұл колледж түлектері.